Бұл мерейтой елімізде жарияланған Жұмысшы кәсіптер жылы аясында өткізіліп отырғаны – ерекше мәнге ие тарихи оқиға.
Колледждің тарихы ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастау алады. Сол кезеңде елімізде өнеркәсіптік, ауылшаруашылық және мәдени-тұрмыстық нысандар қарқынды салынып, білікті мамандарға сұраныс арта түсті. Осыған байланысты 1964 жылдың 8 қазанында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №1880-Р қаулысымен Качиры кентінде №134 қалалық кәсіптік-техникалық училище ашылды.
1984 жылдан бастап оқу орнын Садыбеков Тулеу Серикпаевич басқарды. Ол колледжді 30 жылдан астам уақыт бойы абыроймен басқарып, 90-жылдардың қиын кезеңдерінен аман алып шықты, материалдық-техникалық базаны нығайтып, оқу орнының дамуына үлкен үлес қосты.
Тулеу Серикпаевич – «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен екі рет марапатталған тұлға. Оның қажырлы еңбегі – кәсібіне адалдық пен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Алпыс жылдың ішінде колледж мыңдаған білікті мамандар даярлап, олар өңірдің және тұтас елдің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Бүгінде колледж – дәстүр мен заманауи талапты ұштастыра білген нағыз кадрлар ордасы. Осы мерейтойлы жылда, Техникалық және кәсіптік білім күні мен Ұстаздар күні мерекесінде баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз! Ұстаздардың еңбегі әрқашан лайықты бағалансын, әрбір түлек өз кәсібінің абыройлы өкілі болсын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс және шығармашылық жетістіктер тілейміз!